Бидғат туралы не білеміз?
Бидғат туралы не білеміз?

Ең әуелі бидғат сөзінің тілдік және шариғи терминдік мағынасын жан-жақты түсініп көрейік. Бидғаттың тілдік мағынасы: жаңалық, жаңалық енгізу, жаңа нәрсе, кемел дінге енген жаңалық. Ибн Сакит: «Бидғат – әрбір кейіннен пайда болған жайт. Әдет-ғұрыпта мубтадиғ (бидғатшы) сөзі көбінесе жамандау мағынасында қолданылады», - дейді. Әбу Ғаднан: «Мұбтадиғ – осы іспетті іс-әрекетті бұрын соңды ешкім жасамаған амалды жасаушы.
Құран Кәрімде: «...дүниеден безушілікті (руһбаниятты) олар өздері шығарды (бидғат етті)...», - деген аят насара діндарлары Иса (ғ.с.) әмір етпеген, дүниеден безушілік (руһбаният) амалын жасағанын әрі олардың бұл әрекет дін үкіміне қайшы келмегендіктен сынға ұшырамағаны айтылуда. Бидғаттың шариғи терминдік мағынасы екі түрлі. Бірінші жолы – имам әл-Ъиззу бин Абдуссаламның көзқарасы. Ол пайғамбарымыз (с.ғ.с.) істемеген амалды бидғат деп айтты. Бидғатты үкімдерге бөліп: «Бидғат – пайғамбар (с.ғ.с.) заманында болмаған іс. Ол – уәжіп бидғат, харам бидғат, мандуб бидғат, макрук бидғат, мүбәх бидғат болып бөлінеді. Бидғаттың түрін анықтау үшін шариғат қағидасы таразысына салынады. Егер уәжіп қағидасына кірсе – уәжіп, харам қағидасына кірсе – харам, мәндуб қағидасына кірсе – мәндуб, мәкрук қағидасына кірсе – макрук, мүбәх қағидасына кірсе – мүбәх »,-дейді. Осы мағынаны имам хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани де қуаттап: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында болмаған іс бидғат. Алайда, оның жақсысы да, оған қарама-қайшысы да бар... », - дейді. Екінші жол. Бидғатты тек жаман іс-әрекет деп шектеу. Сонымен бірге, имам әл-Ъиззу бин Абдуссалам классификациялағаны сияқты уәжіп, мәндуб, мүбәх және харам бидғат деп қарастырмайды. Имам Ибн Ражаб әл-Ханбали: «Бидғат деген шариғат ешбір негізі жоқ, жүре пайда болған жайт. Ал, шариғатта негізі болса (кейін пайда болған жаңалық) тілдік мағынада бидғат деп аталса да, бидғат боп танылмайды », - дейді.

Қарап тұрсаңыз, екі ұстаным ғалымдары мінелген жаман бидғат анықтамасында ойы бір жерден шығуда. Сонымен бірге, шариғатта ешбір негізі жоқ мінелген бидғат жасаушы – күнәхар. Міне, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әрбір жаңалық (бидғат) адасушылық », - деген сөзінде меңзелген жайт осы. Имам Шафиғи: «Жаңадан пайда болған жайттар екі санатқа бөлінеді, бірі: Құран, сүннет, сахабалар ісіне және ижмағ ғалымдар ойына қайшы амал. Бұл – адасушылық бидғаты. Екіншісі: жоғарыдағылардың ешбіріне қайшы емес жақсылықтан туған жаңалық (бидғат). Бұл жаңалық мінелген емес », - дейді. Хужжат Ислам Әбу Хамид әл-Ғазали: «Жаңадан пайда болғанның барлығы да тыйым амал емес. Тыйым салынғаны берік сүннетке қайшы бидғат. Және шариғат амалын бұзатыны », - дейді. Ибн Асир: «Бидғат екеу: бидғат һуда (тура жол), бидғат доләл (адасушылық). Алла Тағала және Оның елшісінің (с.ғ.с.) әміріне қайшы болғаны мінеледі және жоққа шығарылады. Ал, құп саланса және үнделетін қатарға жатса, мақтаулы. Жомарттық, жақсылыққа шақыру сияқты ешбір негізі жоқ болса, мақтаулы іс саналады».

Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзіне қайшы болмауы керек: «Кімде-кім бір жақсылық іс бастаса, оған оның сауабы және сол жақсылықты істегеннің сауабы беріледі және кімде-кім бір жаман іс бастаса, оған оның күнәсі және оны істегеннің күнәсі беріледі». Бидғат түрлеріне мысал айта кетейік. Грамматика ілімін оқу пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында болмаған. Демек, бұл ілім бидғат. Алайда, Құран мен сүннетті жетік үйрену үшін бұл ілімді міндетті түрде меңгеру қажет. Сондықтан бұл – уәжіп бидғат. Харам бидғатқа: қадария, жабария, муржия және хауариж ағымдары жатады. Мәндуб бидғатқа: Рамазан айында тарауих намазын жамағат боп, имаммен бірге оқу. Сонымен бірге, мектеп салу, бөген мен көпір секілді құрылыс нысандарын салу жатады. Макрук бидғат Құран кітабын әсіре әшекейлеу, мешітті тым сәндеп жіберу. Мүбәх бидғат: намаздан соң қол алысып сәлемдесу, тамақтануда, киім-киюде кеңшілік пайдалану жатады. Бидғатты осылайша бөлуге төмендегі хадистер негіз бола алады: 1.Табиғин Абдурахман бин Абдулқари: «Мен халифа Омармен (р.а.) бірге рамазан кешінде мешітке шықтым. Адамдар бөлек-бөлек болып құлшылық етуде еді. Біреу өз бетінде, ал біреулер он шақты болып ғибадат етіп жатты. Омар: «Мен мыналарды бір Құран оқушының артына жинасам, әлде қайда жақсы болар еді деп ойлаймын»,-деді де Убай бин Кағбтың артына адамдарды жинап берді. Сосын тағы бір кеште шыққанымызда адамдар бір кісінің артында тұрып құлшылық етуде еді. Мұны көріп Омар (р.а.): «Мына қандай тамаша – жаңалық (бидғат)... », - деген еді. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менен кейін тура жолдағы орынбасарларыма (халифаларыма) ілесіңдер» және «Менен кейін мына екеуіне: Әбу Бәкір мен Омарға ілесіңдер» деген сөздері «Әрбір жаңалық адасушылық» деген сөзінің мағынасын айқындап, шариғатқа қайшы, сүннетке сай емес іс жайлы айтылғаны мәлім етеді. 2.Мұжаһид риуаят етеді: Уруа бин Зубайыр (р.а.) екеуміз мешітке кірдік. Абдулла бин Омар Айша (р.а.) анамыздың бөлмесінде отыр екен. Адамдар мешітте дұха намазын оқып жатты. Біз Ибн Омардан (р.а.) адамдардың осы намазы жайлы сұрадық, ол кісі: «Бидғат» деп жауап берді.

Міне, сахабалардың (р.а.) осы іс-әрекеттері діндегі жаңалықтардың барлығы адасушылық емес екендігіне айқын дәлел. Ал, мәселенің ара-жігін ажыратпай жаңалық (бидғат) болғаны үшін барлығын тұтастай жаман және күнә деу қате. Дұрыс емес. Бұл ғалымдардың ижтиһад етуін дұрыс емес деумен пара-пар. Ал, мұның өзі қараланған бидғат.

Руслан ҚАМБАР,
исламтанушы

Нурсултан ЖаксигалиевНурсултан Жаксигалиев
4 жыл бұрын 1863
0 пікір
Блог туралы